Алматы қаласы күн өткен сайын жанданып, әсем қала бейнесіне айналып жатыр. Оған бір дәлел ретінде, қаланың кез – келген жүргіншісін бей – жай қалдырмайтын, жер асты өтпелі жолдары. 2018 жылдың тамыз айында Алматы қаласындағы барлық жер асты өтпелі жолдары жөндеуден өтіп, жаңартылды. Жер асты өтпелі жолдарының бұрынғы кейпі өте нашар жағдайда болатын. Дымқыл, жарық түспеген, жолдары тайғақ, шулы орта саудамен қызып тұратын.
Кейбір өтпелі жолдар қараңғы әрі қорқынышты болғандықтан, кіруге де қымсынатынбыз. Ал, қазір мүлдем бөлек әңгіме десек, артық айтпаспыз. Жаңартылған жер асты өтпелі жолдарына диодты жарық көздері, қозғалыс құрылғылары мен музыка шығаратын дыбыс динамикалары орнатылған. Ал, төбелері арнайы жанбайтын материалдардан жасалған. Өтпелі жолға түсіп кіргендегі атмосфера өте әсерлі, өзіңді оюланған қамалға кіріп келгендей сезінесің. Жол қабырғаларында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бейнесі мен нақыл сөздері жазылған. Сонымен қатар қабырғалардан «Жеті қазына» атты қазақ көшпендісінің жеті байлығын тамашалай аламыз. Ең кереметі, өтпелдегі ойналып тұратын, құлақтан кіріп, бойды алып, ішкі жан дүниеңді тебірентіп жіберетін қазақ халық музыкасы. Өтіп келе жатып, бұл жол мәңгілікке бітпесе екен екен дейсің. Ендігі , елімізде осындай көрікті жерлер көбейе берсе дейміз.
Ақерке Доғанова - Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері унверситетінің 2-курс студенті.