Артық салмақ – ХХІ ғасырдың ең басты проблемаларының бірі. Семіз адамдарға қоғамда өз орнын табу қиындық тудырып жүргені жасырын емес. Сондықтан сондай жандардың мәселесін шешу жолында бүгінгі күні алуан түрлі азу тәсілдері мен диеталар бар. Журналдар мен теледидардағы модельдер секілді болу үшін адам баласы қолынан келетіннің де, келмейтіннің барлығын жасайтынын қайтерсіз. Кейбір тәсілдер тіптен ақылға сыймайтын және қорқынышты болып келеді. Сірке қышқылы диетасы. Бұл диета туралы ең бірінші дерек ХІХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен лорд Байронның өмірбаянында кездеседі. Өз салмағына көңілі толмаған лорд қарқынды азып, терінің «мәртебелі ақ түсіне» қол жеткізуге тырысады. Сол үшін ол қарапайым ет тағамдарынан бас тартады. Өкінішке қарай, бұл әрекеті ешқандай нәтиже бермейді. Ал ол кезде беттің қызғылт болуы ұят деп есептелетін. Сондықтан Байрон өзінің күнделікті тамағына сірке қышқылын қосып, тіпті улы сұйықтықты таза күйінде де іше бастайды. Қышқылдың ағзадағы майды еріту қасиетіне байланысты лорд терісінің боз түсіне қол жеткізеді, бірақ ғұмыры тек 36 жылға созылады. Кейінірек Байронның ішкі мүшелері тым ерте тозып кеткені анықталды. Сірке қышқылы диетасы екінші рет 1970 жылдары Америкада үрдіс аджы. Диетаны жақтаушылар тәбетін басу үшін тамақтанар алдында бірнеше қасық алманың сірке қышқылын ішіп отырған. Ал қышқыл дәмін ұнатпайтындарға арнайы таблеткалар пайда болады.
Бірақ сірке қышқылының «аздыратын» қасиетін адамдар тым асыра бағалаған. Ас алдында ішілген бір стақан су да тура сондай нәтиже көрсетеді. Шайнау диетасы. XX ғасырдың бас кезінде доктор Горас Флетчер өзінің азу тәсілін ұсынады. Ашқан жаңалығына байланысты ол «Ұлы Шайнаушы» деген атаққа ие болды. Ол тек қарапайым шайнау арқылы 18 килограмнан арылғандығын айтқан. Доктор замандастарына кез келген асты ең кемі 30 рет шайнауды ұсынды. Шайнау диетасын қолдану сол заманда тез дамып, кеңінен таралды. «Шайнау теориясын» жазушы Генри Джеймстан бастап, миллионер Джон Рокфеллер мен әскери оқу орындарының курсанттарына дейін ұнатты. Ал Флетчердің өзі тарихта «Ұлы Ұсақтаушы» деген атпен қалды. Ұйқы диетасы. Бұл диета бойынша, күнделікті асты ұйқымен алмастыру тез арада азуға көмек болады. Оның екінші аты – «Ұйқыдағы ару диетасы». Сіз өзіңізді аштықпен қинаудың орнына жәй ғана ұйықтайсыз. Арнайы ұйықтатататын әсері бар дәріні ішесіз де, ұйқыға кетесіз. Ағзаға керекті энергия жетіспегендіктен, беліңіз жіңішкеріп, салмағыңыз азаяды. Тәбетті бұл жолмен жою ағзаны сірке қышқылымен улау және тоқтаусыз шайнаудан да асқан ақылсыз әрекет болып көрінер? Сонда да бұл диета сол дәуірде өте танымал болған. 1976 жылы мұндай азу тәсілін тіпті рок-н-ролл королі Элвис Пресли де қолданған деген дерек бар. Элвис өзінің аңызға айналған ақ шалбарына сыю үшін концерттен бірнеше күн бұрын осындай тәсіл арқылы «демалған» екен. Алкоголь диетасы. Алкоголь диетасын арықтау үшін жасалатын ең ескі және ең ақылсыз әрекет десек де қателеспейміз. Тарихшылардың пікірінше, оның авторы – Англия королі Вильгельм (1027-1087). Корольдің ауыр салмағын көтеруге бір де бір аттың шамасы келмеген деседі. Сонда ержүрек Вильгельм күнделікті тамақты тек сыра мен шараппен алмастырады. Мұндай диетаның қаншалықты әсерлі болғаны, әрине, бізге белгісіз. Себебі оның авторы көп ұзамай аттан құлап, өмірмен қош айтысқан. Жарылғыш диета. Қайтадан XX ғасырға оралайық. Тап сол өткен ғасырда қоғам арасында әлем тарихындағы ең қорқынышты диета белең алады. 1930 жылдары америкалық дәрігерлер жәндіктерге қарсы препараттар мен жарылғыш заттардың қоймасындағы жұмысшылардың салмағы күрт төмендеп кеткенін байқайды. Мұндай өзгеріске не себеп болды? Ғалымдардың айтуы бойынша, қоймадағы тауарлардың құрамында метаболизмді тездететін, яғни ағзадағы майдың қорын азайтатын зат – динитрофенол болған. Жұмысшылар кәдімгі удың салдарынан азған болып шықты. Динитрофенолды осындай «ғажап» қасиетіне байланысты Кеңес Одағының армиясы да қолданған деген ақпарат бар. Ал Америкада бұл препаратты шамамен 100 000 адам қабылдаған. Бірнеше қайғылы жағдайлардан кейін бұл сұмдық та тоқтатылды. «Алтын балық» диетасы. Балықты диета 1930 жылдардың соңында АҚШ-та өте танымал болған. Адамдар балықты іштегі артық маймен күреседі деп шикілей жеген. Бұл диета Гарвард студентінің $10 үшін бәстесіп, жазықсыз балықты жұтып қоюынан басталған. Алайда студент бір балықпен тоқтамайды. Ал зоодүкендерде желбезекті тіршілік иелері таусылып қалғанда, дәрігерлер баршаны тоқтауға және ойлануға шақырып, мерзімді баспасөзде өз үндеулерін жариялайды. Себебі паразиттерге толы тірі балықтарды жұтып жеу денсаулыққа өте зиян екені анық еді. Түтінді диета. ХХ ғасырдың ортасына қарай арық болуды аңсағандардың саны тіптен артып кетті. Әрине, түрлі «диетологтардың» саны да үдеп отырды. Олардың құрамында қарапайым темекі саудагерлері де бар. Темекі шегу азу жолындағы ең әсерлі шешім деп жарияланғалы бері «Кәмпиттің орнына темекі ал!» ұраны бүгінгі күнге дейін кей адамдардың санасын орнығып, өз әрекетін жасап жатыр. Темекі никотинінің көптеген зиянды салдарының кесірінен жыл сайын миллиондаған адам көз жұмып жатқаны оларды мүлдем алаңдатпайтын сияқты. Әрине, сұлулық құрбандықты қажет етеді. Дегенмен, болашақта сол сұлулық жолындағы ессіз әрекеттердің құрбаны болудан сақтасын.
Шаханова Назым - 2 курс КазУМОиМЯ