Журналист – жанкешпе мамандық
Армансыз адам — желкенсіз кеме. Желкенсіз кемені жел қайда айдаса, сонда жүйіткитіні белгілі. Армансыз, мақсатсыз адамды да заман әрі-бері сүйрелейді. Ондай адамдар заманының ығымен жүріп, басқалардың құлы болады. Журналист болу — менің бала кезімнен арманым. Сондықтан мен алдымнан шыққан таудай кедергілерге тойтарыс беріп, белімді бекем буып, осы мамандыққа оқуға түстім. Ондағы мақсатым — қазақ деп аталатын ұлы, қасиетті халыққа қызмет ету.
Бұл – қызығы да, қиындығы да мол мамандық. Мұны мен түсінемін, жүрегіммен түйсінемін. Өзімнің осы қызметті таңдағаныма сүйсінемін. Нағыз тілші сөз бастайтын шешен, қол бастайтын көсем болуы тиіс. Оның ойы орамды, сөзі салмақты, көзі көреген болуы керек. Ол тек әділдіктің, ақиқаттың жаршысы болады. Сөзсіз, мен де кәсібімнің майталманы болуға тырысамын, ең болмаса оған еліктеп бағамын. Егер жоғары жалақыны қаласам, басқа мамандықты таңдауыма болар еді. Алайда мен осы қиын қызметті таңдадым. Себебі бұл — жүрегімнің қалағаН мамандығы
Журналист иә, бұл сөзді айтқанда есіңе қызықты, көңілді, елді елең еткізерлік, қиын да шырмау кезеңі бар жәйттар түседі. Бұл — әр адамның қолынан келе бермейтін, ерекше дарын мен төзім-ділікті, жігерлілік пен еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Қызығы мен шыжығы, ағы мен қарасы, қуанышы мен қайғысы бірге жүреді. “Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме, қайғы келсе, қарсы тұр құлай берме!” — деп Абай атамыз айтқандай, қайғы келсе қарсы тұрып, қызық келсе бөліскен адам ғана журналистика саласын жетік меңгере алады. Ол үшін, ең бірінші, шыдамдылық, төзімділік, сабырлылық керек. Бұлардың бірі жетіспесе, бұл істің нағыз маманы атану екіталай. Журналистика саласы қызық пен шыжыққа толы. «Журналист – хабаршы, жаңалық жаршысы» деп жатамыз. Астарына үңілсек, ол – жан-жақты салалы мамандық иесі. Адам мен саясат арасындағы алтын көпір. Халықты тәрбиелеуші, үгіт-насихат айтушы. Таразының басын тең ұстап тұра алар тұлға, ол – журналист. «Баспасөзі мықты болған ел – нағыз ел». Ел ішіндегі тұрақтылық пен елдер арасындағы қатынасты бұзбай, жаңа дәуірге, ақиқатты қақ жарып, айтар ойды нақ айтып, қадамын дөп басып жүре алатын адам ғана журналист болады.. Менің ойымша, Журналист— жолаушы. Өйткені, ол өмір бойы жол үстінде. Ол жүрмейтін жол, бармайтын ел, жер жоқ. Ол -қоғамның үні, қоғамның көзі. Журналист қоғамдағы жақсылық атаулыны жаңғыртып, жамандық атаулының жер-жебіріне жететін қаламгер, қайраткер. Қай жерде, кіммен сөйлессе де оның тілі — әдеп, мәдениеттің тілі. Журналист — ой адамы. Онда ойсыз күн жоқ. Журналист — мінездің адамы. Ол кез келген мықтының алдында «ләпбай, тақсыр» деп жүгіре жөнелмейді. Оның пірі — халық. Журналист өз мамандығының құлы. Өз мамандығын сүймейтіндерге журналистикада орын жоқ!
Сондықтан ғасырлар бойы өркендеп келе жатқан мемлекетіміз білікті де білімді, өнерлі де айбынды жастарды қажет етеді. Мен жастар деп аталатын қоғамның бір бөлшегі болғандықтан, гүлденген, дамыған, өркениетті Қазақстанымның жарқын болашағына нық сенемін. Сондай-ақ, оның әлемдік аренада биік болғанына, көгілдір байрағымыздың аспанда мәңгі желбіреуі үшін де қызмет етемін.
Ақылжан Динара