Аударма – адамзаттың ежелгі кәсіптерінің бірі ме?

ЖУРНАЛ EXPOMODОбразование 18-июн-2020, 13:02 0 528
Аударма – адамзаттың ежелгі кәсіптерінің бірі ме? 
Аударма теориясының маманы Вилен Наумович Комиссаров  «Қазіргі аударматаным»  кітабында төмендегі мәліметтерді келтірген: «Аударма тарихының тереңдігін дәлелдейтін бірталай айғақтар жетіп жатыр . Ежелгі Ассирия мен Вавилонда билеушінің сөздерін ақсүйектер мен құлдарға жеткізетін аудармашылардың қауымдастығы өмір сүрген. Жалпы, тілдері басқа елдерді басып алу нәтижесінде құрылған ежелгі империялар аудармашылардың жәрдемінсіз құрылуы екіталай еді. Ал Көне Мысырда көрші мемлекеттермен байланысу үшін делдалдарды дайындайтын арнайы мектептер болды» 
Ерте заманда жер бетінде түрлі тайпалар мекендеген, әрине олардың барлығы бір тілде сөйлемеген, сондықтан бір-бірін түсіну қажеттілігінен аудармашылар пайда болды. Бұл нені білдіреді? Демек, аударманың ауызша түрі жазу пайда болмай тұрып болған. Ал хатқа түсіру мүмкіншілігіне ие болған кезден бастап-ақ жазбаша аудармалар шыға бастады. Оған дәлел болатын көне шумерлік мәтіндердің арасынан қостілді (біздің дәуірімізге дейінгі 3 мыңжылдықтар шамасы) сөздіктердің табылуы. Оған қоса, аударманың байырғы ескерткіштері Месопотамия қаласынан (әртүрлі тілдегі сөздердің тізімі салынған қыш тақтайшалардағы кестелер), Көне Мысырдан(аудармашылардың іс-қимылдары суреттелген тастардағы барельефтер) табылған.
Аудармашылардың өмір сүруінің нақты дәлелі- аудармамен айналысып жатқан адамды бейнелейтін аңызға айналған мысырлық барельеф. Барельефтің салынуы біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдыққа жатады. Аудармашы тұлғасы басқалармен салыстырғанда әлдеқайда аз болғандықтан, Ежелгі Египеттегі бұл кәсіптің әлеуметтік мәртебесі төмен болды деп болжауға болады. Алайда Мысыр қолжазбаларында «аудармашының бастығының» болғаны айтылады. Бұл сол уақыттың өзінде алғашқы кәсіби аудармашылар қауымдастығы болғанын білдіреді.
Көптеген ғалымдардың айтуынша, алғашқы аудармашы әйелдер болған. Себебі, тұтқынға түскен олар сол тайпаның тілін жаттауға мәжбүр болған, сөйтіп еріксіз қарым-қатынас орнатуда делдал ретінде қызмет атқарған. Сонымен қатар, әйелдер балаларына өзінің ана тілін үйреткен. Сөйтіп, сол кезден-ақ қостілділік пайда болған.
Жоғарыда айтып өткендей, аударма ісі әр түрлі адамдар арасында байланыс орнату қажеттілігінің негізінде туындады. Мұндай байланыстың саласы әр алуан болды: мәдениет, елшілік, сауда-саттық, экономика, тағы да басқа.Бұл қызмет салаларының дамуында Месопотамия,Мысыр,Александрия, Рим, Иерусалим, Ыстанбұл сияқты қалалардың маңызы зор болды. Аталып өткен жерлерде саясат мен экономикаға байланысты сан түрлі қоғамдастықтағы адамдар өмір сүрді. Оларға басқа тілде түсіне білетін, сөйлей алатын адамдар, нақтырақ айтқанда аудармашылар қызмет көрсетті.
Қорыта келе, аударма- адам баласының байырғы кәсіптерінің бірі деп сенімді айтуға болады. Оған дәлел- ежелгі замандағы аудармаға байланысты көптеген ескерткіштер. Әлемде тарихи маңызды империялардың пайда болуы мен гүлденуіне мүмкіндік берген аударма болатын. Оның арқасында әлеуметтік және діни дүниетанымдардың дамуы мен таралуы орын алды.
Султанова Мадина
incatalog.kz




Вам нужна Бесплатная консультация области SMM?

Заказать звонок